+7(707) 37 19 019

ҚОШ БОЛ, 2016 !!!

Міне, көзді ашып-жұмғанша, 2016 жыл аяқталып, 2017 жыл есік қағып тұр. Біз де «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы ретінде 2016 жылды қорытындылауды, өз оқырмандарымызға шағын «есеп беруді» жөн көрдік.
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы 2015 жылдың басында жұмыс істей бастағанымен үстіміздегі жылдың тамыз айында халық алдына шығып, семинар бере бастады. Сол 5 айдың ішінде 7 қалада 45 семинар өткізіппіз. 45 семинарға жалпы саны 544 адам қатысқан екен. Орташа есепке шаққанда әр семинарға 12 адам. Иә, аз болып көрінеді. Дегенмен де, енді ғана бастағанымызды және соңғы айларда қатысушылардың көбейе бастағанын ескерсек, «жақсы» деген баға беруге болады деп ойлаймыз.
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы 30-маусымда «Күнделікті What`s app кеңестері» әлеуметтік жобасын бастады. Жоба аясында жар таңдау, жұбайлар арасы қарым-қатынас, отбасылық құндылықтар және бала тәрбиесі секілді тақырыптарда күнделікті тегін кеңестер таратылуда. Жобаның ең тартымды жағы – оқырмандарымыз өздерін мазалап жүрген сұрақтарын жеке сұрай алуы. Бұл конференция емес, кеңестер әр оқырманға жеке барады. Басталғанына 6 айдай аз уақыт болғанына қарамастан, қазіргі таңда, 2500-ден астам оқырманы бар. Оқырмандарымыздың қызығушылығы өте жоғарғы деңгейде.
«Бақытты отбасы» деп аталатын YouTube каналымыздың ашылғанына да 6 айдай уақыт өтіпті. 6 ай ішінде отбасы тақырыбына қатысты 31 видео жүктелген екен. Осы видеоларымыз 55 637 ретте 211 309 минут көріліпті. 658 адам ұнатса, 6 адам ұнатпапты. 13 адам ғана өз ойын білдіріп, пікір қалдырыпты. Видеоларымыз 706 рет бөлісіліпті. Көрушілердің 55 пайызы ер, 45 пайызы әйел екенін де айта кетейік. Каналымызға жазылған тұрақты көрермен саны – 360.
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының әлеуметтік желі парақшалары да белсенді қызмет атқарды деуге болады. Сондықтан да, олар жайында айтпай кетсек болмас. Қазіргі таңда, белсенділер төрінен теуіп орын алған Инстаграм желісінен бастайық. Инстаграмда оқырман саны – 9440. Оқырмандарымыздың 74 пайызы әйел адам болса, 26 пайызы ғана ерлер. Жас ерекшелігіне келер болсақ, басым бөлігін 25-34 жас аралығы құрайды. Жалпы оқырмандарымыздың 80-85 пайызы 18-34 жас аралығындағылар екенін байқауға болады. Қалаларға бөліп қарасақ, Алматылықтар саны айтарлықтай басым (50 пайызға жақын). Фейсбектегі оқырман саны – 3502 болса, Вконтакте желісінде – 8782. Ең аз оқырман Твиттерде – 360 оқырман.
Ашылғанына 10 күн ғана толған Телеграмдағы «Бақытты бала» әлеуметтік жобамыз жайында да айта кетейік. Бұл жерде тек қана бала тәрбиесі тақырыбы бойынша кеңестер бөлісеміз. Күнделікті жіберілетін кеңестеріміз пайдалы мақалалар, қызықты әңгімелер, фото кеңестер мен мағыналы видео роликтерден тұрады. Қазірше, оқырман санымыз өте аз. Барлығы 142 оқырман. Алдағы уақытта арта түседі деп үміттенеміз. Айтпақшы, бұл жердегі кеңестеріміз де ТЕГІН.
Қысқа қайырғандағы біздің 6 айлық есебіміз осы деуге болады. Алдағы 2017 жылға арналған ауқымды жобаларымыз бен дайындап отырған тосын сыйларымыз бар. Оны жақын арада жариялаймыз. ҚОШ БОЛ, 2016 !!!


"Бақытты отбасы" отбасылық кеңес орталығы

Алматы қаласы