+7(707) 37 19 019

Қазақы тайм-менеджмент

Адамзат баласы осыншама көп ақпаратқа бұрын-соңды ұрынған емес. Күнделікті жаңалықтар, әлеуметтік желідегі мәліметтер, өзіміз қызығып, тауып алып оқитын деректерді қоспағанда күн сайын үш мың жарнама санамызға «шабуыл» жасайды екен. Қызылды-жасылды түстер мен айқай-шудың заманы. Сол үшін де біз үнемі ештеңеге үлгермейміз, уақытымыз тапшы… Сол үшін де тайм-менеджмент деген термин пайда болды, уақытты тиімді пайдалану өз алдына пән болып қалыптасты. Әлем бойынша психологтар мен бизнес-тренерлер осы тақырыпта дәріс оқып, ақша тауып жүр. Небір жетістікке қол жеткізген, қалталы, атақты адамдар сол дәріске уақыты мен ақшасын шығындап барады. Өйткені уақытты одан сайын үнемдегісі келеді.«Вавилондағы ең бай адам» атты бестселлердің авторы Клейсон Джордж «сенің әкең жас болғанда да осы күн жарқырап тұрған, сенің балаң, оның баласы, тіпті ақырғы ұрпағың өмір сүргенде де осы күн жарқырап тұрады» деп мысалдап, кешегілердің тәжірбиесін ескеру керектігін айтады. Егер біз мақал-мәтелдер мен дәстүріміздің бір бөлшегі болып кеткен шариғатқа қарайтын болсақ, Клейсонның сөзі шындық екеніне көз жеткіземіз.«Туған ай – тураған ет». Күйбең тіршілікпен жанталасып жүргенде бір аптаның, кейде бір айдың, керек болса бір жылдың қалай өтіп кеткеніне таңғалып отыратынымыз рас қой. Және де бұндай жағдай жиі болады. Осыған дейін зу етіп өткен уақыт ендігіде баяулап қалады дейсіз бе? Бұдан да тездетіп, зымырай береді. «Кеше бала ең, жеттің ғой талай жасқа» дейтін Абай сөзі де туған айдың тураған ет екенін түсіндіріп тұрғанын көрмейсіз бе. Сабақ алсақ керек…«Өткен күннен алыс, келер күннен жақын ештеңе жоқ». Туралып кеткен еттей, келмеске кеткен күн кешегінің еншісі, жіберіп алған мүмкіндігіміз енді айналып соқпайды, өйткені әр күннің өз несібесі бар… Бүгінгі істі ертең істеймін десеңіз, ертеңгі істі қашан істемексіз? Және де ол ертең де келмей қоятын күн емес, одан «жақын ештеңе жоқ»… ¬¬Өйткені «уақыт керуеніне бөгет жоқ».Қасиетті кітабымыз Құранда: «Бір іс біткенде дереу екінші іске кіріс, сонымен айналыс, Раббыңа жөнел», – дейді екен («Инширақ» сүресі, 7-8-аят). Тек уақытты босқа өлтірмеген адам ғана замандастарынан бір бас жоғары тұра алады. Озып кетпесе де, қалып қоймайды. Көп жетістікке жету үшін көп жұмыс істеу міндетті емес, уақытты тиімді пайдаланып, үздіксіз істесе жетіп жатыр. Ал бос отыру, уайымсыз, қамсыз жүру – уақыттың жауы. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» (Абай).

Бір тақуа кісі өте көп сауапты іс жасайды екен дейді бәр тәмсілде. Соның сырын білгісі келіп бір досы үйіне барса, есігінің маңдайшасына: «Мен бүгін Алла разылығы үшін не істедім?» деп жазып қойған екен. Сол секілді, уақыттың қайда кетіп жатқанын білу үшін қазіргі заманның бизнес-тренерлері «есеп жазу керек» деп кеңес береді екен. Яғни, жұмыс үстеліне отырғаннан бастап қай сағаттан қай сағатқа дейін не істегеніңізді жазып отырсаңыз, уақытыңызды не ұрлағанын білуге болады.«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Бұл да уақытты тиімді пайдаланудың бірден бір жолы. Ал ерте тұру үшін ерте жату керек екені тағы анық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да құптан намазынан кейін әңгімелесіп отыруды жөн көрмегені белгілі.

P.S: О дүниеде адам өткізген уақытты үшін сұралады екен. Ал уақытты бос өткізгеннің зардабын осы дүниеде-ақ көріп үлгеретінімізді ескерсек, бір сәтті де құр жібермеу керек екенін жан-тәнімізбен сезінеміз. Расында да…

Арман Әлменбет.