+7(707) 37 19 019

Шылымқорлардан жыл сайын 6 млн. адам ажал құшады

Темекі тартудан әлемдік экономикаға жылына триллион доллардан астам шығын келеді екен. Мұндай деректі арнайы зерттеу жүргізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен АҚШ-тың онкология жөніндегі ұлттық институтының ғалымдары мәлімдеп отыр. Мамандар дерегінше, шылым шегу салдарынан дендейтін дерттен жыл сайын 6 миллион адам ажал құшады. Енді әлем елдері бірлесе отырып, осы қасіреттің алдын алмаса, құрбандар қарасы қалыңдай берері даусыз. Жыл сайын темекі тартып, түрлі ауру сатып алған 6 миллион адам дертіне шипа дарымай, көз жұмады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мамандар 13 жылдан кейін өкпесін улап, өмірден озатындар саны артуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Бұдан басқа, әлем экономикасына шылым шегуден 1 триллион доллардан астам шығын келеді. Яғни, ем-домға қыруар қаржы жұмсалып, еңбек өнімділігі қатты құлдырайды. «2030 жылға қарай темекі тартып, бақилық болғандар бүгінгі күні 6 миллионнан 8 миллион адамға жетуі мүмкін. Оның үстіне, осындай өлім-жітімнің 80%-ы табысы төмен және орташа деңгейдегі елдердің үлесінде», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы Джереми Пол. Ұйымның есебінде тың деректер келтірілген. Қазір әлем халқының 21%-ы 15 жастан асқандар. Бұл бір миллиардтан көп. Шамамен ерлердің 35%-ы, қыз-келіншектердің 6%-ы шылымға құмар. Оның ішінде осы 25%-ы кедейшілік қамытын кигендер. Сондықтан, шылым шегумен күресу үшін себеп жеткілікті. «Бұл майдан экономикаға ауыртпалық салады» деген биліктің уәжі шындыққа жанаспайды. «Көптеген елдің билігінде темекі тартуға қарсы күрес экономикаға теріс әсер етеді деген қорқыныш бар. Бірақ, бұл үрейге бой алдыруға еш дәлел жоқ. Ғылым әрекетке көшу керек деп нақты бағыт-бағдар беріп тұр. Сондықтан, бәрі саяси ерік-жігерге келіп тіреледі. Алайда, құзырлы органдар бұл тұрғыда белсенділік танытпай отыр. Расында темекі өнімдеріне салық көлемін арттырған елдер адамдардың өмірін сақтаумен бірге есепсіз табысқа кенелер еді», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы Джереми Пол. Мамандардың жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Зерттеу нәтижесі бойынша темекі тарту қазір сәнді үрдіс болудан қалып барады. Жалпы жыл сайын көк түтінді құшырлана сорып, соңында сорлайтындар саны азайып жатыр. Бірақ, бәрібір әлемдегі демография өскен сайын жан басына шаққандағы шылымқорлар қатары да артып келеді.


Islam.kz сайтынан алынды.